Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды

Раздел Воспитательная работа
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

"Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды"

Әр отбасы - жеке мемлекет. Бұл мемлекеттің іргетасын қалаушы, оны басқарушы, отағасы - әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын - әке. Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен, жүрегі жұмсақ аналарымыз кейде тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болып жатады.

Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін «үлкен үй», «қара шаңырақ» деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Әке тәрбиесі арқылы, ұл мен қыз балалардың өздеріне тән мінез-құлықтарын ерекше сергектікпен қалыптастыратындығы да анық. Әсіресе, ұл бала үйдегі де, сырттағы да ер адамға қажет тағылымдарды, көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады. Сондықтан да, әке тәрбиесі дұрыс та, мейірімді болу керек. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», - деп бекер айтпаса керек.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», - деп мадақтайды. Отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр.

«Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы - оны жақсы тәрбиелеуі» дей отырып, баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, үйленер жасқа келгенде баласын үйлендіру, баласына ат қою, баласын сау етіп өсіру - бұлар әкенің басты міндеттерінің бірі.

Кей уақытта бала әкесіз өсіп, анасының тәрбиесінде болады. Алайда, баланың жігіт болып өсуі немесе қызға тән кейбір қасиеттерін бойына жинап өсуі де осыдан. Баланың өмірінде болып жатқан әр түрлі жағдайлардың бәрі баланың ақыл-ой, санасына байланысты. Дегенмен, дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда әкеге байланысты. Ары қарай өмір теңізінде кез болар қиындыққа төтеп беру де, суға кету де осы бағыттың нәтижесін бермек.

Соңғы уақытта көпшілік әке тәрбиеден шет қалуда. Баласының тәрбиесін анаға жүктеп қою жиі кездеседі. Мектепке жиналысқа баратын да көбінесе ана, балаға бірнәрсе қажет болса, соны тауып беретін де - ана. Ал әке рөлі төмендеуде. Бұған бірінші себеп: жайбарақаттық пен жалқаулық. Осының салдарынан үйдегі әйелінің балалар үшін алатын жәрдемақысына немесе отбасында қария болса, соның зейнетақысына күнелтіп, үйкүшік, масыл болып отырған әкелер қаншама? Уақытын қалай өткізерін білмей, іші пысып, әр нәрсеге бір соқтыққан ер азаматта қандай бедел болсын. Оған деген жарының, балаларының құрметі де төмен болады.

Ішіп алып тентіреп көше кезген әкенің теріс тәрбиесінен балалардың да болашағына балта шабылады. «Алма алма ағашынан алысқа түспейді», - дегендей, осы сорақы қылықты көріп өскен бала ертең оны қайталайды. «Әкем ішеді, неге маған да ішпеске» деген ой ішкі түйсігінде қылаң беріп тұрады. Ал ішімдіктің салдарынан қаншама отбасы ойран болып жатыр. Өйткені, отбасының діңі, темірқазығы - ер адам. Үй-ішінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәртіпті болып өсуі - отағасының ақылы мен еңбекқорлығына байланысты. Әйел қанша табыс тапсын, онымен ол кейбір жыртықты жамауы мүмкін, бірақ отбасының көсегесін көгерте алмайды. Ал еркектің тапқан кішкене нәпақасының шаңырақтың шаттығын асырып, іргелі іске жұмсалып жататындығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан әйел үйішінің берекесін келтірсе, сол берекеге берік негіз қалайтын ер адам екенін ұмытпайық. Әке мықты, көрегенді болса, одан тамыр тартқан бала да жалынды, жігерлі, мәрт жүректі болып өсері хақ.

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды

© 2010-2022