Ашық тәрбие сағаты: Наурыз-думан

Раздел Классному руководителю
Класс 7 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Ашық тәрбие сағаты: Наурыз - думан.

Мақсаты: 1. Білімділік: Қазақтың мейрамдары - Наурыз мейрамы туралы оқушыларға түсінік беру, білімдерін тереңдету.

2. Дамытушылық: оқушылардың көркем әдебиетті оқуға деген ынтасы мен ықыласын арттыру, сөздік қорын, логикалық ойлау, сөйлеу дағдыларын дамыту.

3. Тәрбиелік: оқушыларды наурыз өлеңдері арқылы жақсылыққа, өз халқының әдебиетін, мәдениетін , салт-дәстүрлерді дәріптеуге, ұлттық сананы қалыптастыру, дәстүрлі мерекелерді құрметтей білуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: жарыс .

Көрнекілігі: тақырыптық қабырға газеттері, наурыз жайлы нақыл сөздер суреттер, ұлттық тағамдар, ұлттық бұйымдар, магнитофон, шарлар, гүлдер.

Барысы: 1. Кіріспе.

Мұғалім: Құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар, қымбатты ата-аналар мен оқушылар!

Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз - өмірге нұр

сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн.

Кел, балалар ойнайық,

Наурыз тойын тойлайық

Баянды боп мереке,

Қыр гүліндей жайнайық, - деп «Наурыз - думан » атты

мерекелік думанымызды бастайық.

Би « Наурыз тойы келгенде».

Мұғалім: Шалқытып мерекеде ән салайық,

Өнерлі өрендерге тамсанайық.

Әділдік пен шындықты арқа тұтқан

Әділқазы алқасымен танысайық.

Әділқазылар алқасын сайлап алайық:

1.Әділқазылар алқасының төрағасы: мектеп директоры Алжабаев Ғ.Н.

2. ТІО: Шакиров А.Т.

3. Ата-ана төрайымы: Жылқыбаева Б.Х.

Әр кезең 5 балдық ұпай санымен бағаланады.

Мұғалім: Уа, халайық , халайық ,

Ақ сандықты ашайық,

Бұл мереке, бұл тойдың

Шашуларын шашайық.

Ата-аналар: Шашу! Шашу !

Көп ашайық шашуды,

Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр.

Уа, жамағат, теріп ал несібіңді,

Ризығын болсын көл-көсір! ( Шашу шашылады.)

І кезең. Таныстыру.

Мұғалім: Уа, халайық , халайық ,

Мұнда назар салайық ,

Ата-жолын жалғамақ ,

Ел дәстүрін қолдамақ ,

Ел намысын қорғамақ.

Топтар шығар ортаға ,

Шақырып қол соғайық - деп ата-аналар мен оқушылар құрамынан тұратын топты таныстыруға ортаға шақырайық.

Топтың аты: « НАУРЫЗ ».

Топтың ұраны: Күн күлімдеп нұрын шашар, шуағын

Құтты болсын, Наурыз айы, қадамың!

Ұлыстан соң күтіп тұр Ұлы күнің,

Халқым -ау, құтты болсын Жаңа жылың!

Қош келіпті қонақтар,

Наурызда ақ мол болар.

Өлең - әнге басайық

Қазағымның салт деп,

Таныстыруды бастайық.

Өмірінің иесі - Г үлден ана,

Келтірген дүниеге Динарадай дана.

Көрсетер әрқашан білім күшін

Бас иеді бүгін сіздер үшін.

Қызы Альбина білімді

Меңгерген бар ілімді.

Аягөз ана панасы,

Ешкімнің болмас таласы.

Рамилі бір қырлы , сегіз сырлы,

Біздерге ұнайтыны әрбір жыры,

Сұрақпенен жауаптарды талдасатын

Құрметтейік Шакирадай анасын .

Жаны түсер қызы десе жанары

Ойға түйген бар сананы

Алып жүрген қоғамдық сан жұмысты

Қамтиды ол қосымша көп саланы

Өз өнерін көрсетуге ортаға

Анасы Жадыра мен Дианы

Сәулетің бір өнерлі

Өнерді бойға жинаған

Гауһар анасы шеберлі

Өз қатарынан қалмаған.

Осындай той қазақта бола берсін,

Көңілдерге жақсылық тола берсін

Бақ-береке, дәулет, табыс, денсаулық

Әр отбасына молынан қона берсін!

Топтың аты: « ГҮЛДЕР - АЙ ».

Топтың ұраны: Гүлдің жұпар иісіне

Жан баласы тоймаған.

Сұлу қызды мәпелеп,

Жолың беріп, сыйлаған!

Армысыздар қадірлі, халқым менің,

Ақтарған кең даланың алтын кенің.

Мереке басы болсын берекенің

Ардақта Наурыз-тойы салтыңды елім.

Жүректен өлең төгіп, қосқан жырға

Тұлпардай топтан озған жүйрік тұлға,

Қошаметпен қонағым қол соғыңдар,

Думанға қатысушы тұлғаларды.

Жан шуағы, күн шуағы арай ма,

Ана деген әулиедей талайға

Басын иіп өткен жоқ па біз түгіл

Әл-Фараби, Омар Хайам, Абайда

Өз өнерін көрсетуге думанға

Шақырайық Динара мен анасы Гүлденді ортаға.

Бала-шаға отбасымен бақытты

Күнде Даяна мектебіне асықты.

Қызының ісін құптап Бақыт анасы

Іскерлікпен ісін алға тасытты.

Армысың думан сүйген халқым менің

Алдымен амандасу салтым менің.

Анам Гауһармен ортаңызға келіп тұрмын

Қазағымның сақтаймыз салт-дәстүрін.

Анасы Рымкүл мен Аружан келді ортаңызға

Өнер мен білімде үлкендерден үлгі алуда

Салады бар талапты ортаңызға,

Берер деп әділқазы әділ баға.

Береке күннен күнге таса берсін,

Ырыс - құт басымыздан аса берсін.

Ынтымақ боп, бірлік боп елімізде,

Қайратымыз алға қадам баса берсін!

Әділ-қазылар алқасының берер бағасы.

ІІ- кезең . «Өлең - сөздің патшасы».

Наурыз жайлы жыр да, қара сөзбен жазылған шығармалар да халықтың әдебиетінде молынан кездеседі. Бұдан халықтың мерекені ардақ тұтқанын байқаймыз.


1 топ: « НАУРЫЗ ».

1 оқушы: Наурыз - көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналған. «Наурыз» сөзі - біріншіден, «жаңа күн», дегенді білдіреді, екіншіден, аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі, сондықтан жаңа жыл ретінде тойланатын думанды халықтық мейрам, үшіншіден, ай аты.

2 оқушы: Барлық бастама, ұлы істі ырымдап халық осы Наурыз күні бастаған. Сол себепті бұл күнді «Ұлы істің ұлы күні, яғни Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Наурыз - бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн.

3 оқушы: Арда өсіп, адал емген ақ уызың,

Қалдырған ғасырларға нәрлі ізін.

Көк бөрілі байрағын желбіретіп,

Көк түріктер тойлаған Наурызым.

4 оқушы: Наурыз - достық, Наурыз - күн,

Барша халық бірлігі.

Тағы келді Ұлыс күн,

Жалғасып ғалам тірлігі.

5 оқушы: Тамашаға толтырып тұнық төрді,

Жетті Наурыз, үкілеп үміттерді,

Барша үйге бақыт боп, береке боп

Жанарынан нұр шашып күліп келді.

6 оқушы: Жол барма жаңа жылдар байқамаған

Көл барма жаңа жылда шайқалмаған.

Мен бір жас сәбилерді көрген сайын,

Әлемге жаңа жыл боп қайталанам.

5 оқушы: Ақпан кетті араз боп Наурызбен,

Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.

Көктем жетті көрісіп, жанын үзген

Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.

Наурызды тәңір бізге нәсіп еткен,

Мейірім танысын деп тасып өткен.

Наурыз сән-салтанат, ұлттық рух,

Бақытты Наурызы бар халқым неткен!

6 оқушы: Малдар төлдеп, қой қоздап,

Сүт бұлағын ағызған.

Жаңа жылдың сипаты

Молшылыққа аңыз боп

Басталыпты Наурыздан.

Ақ қар кетіп, қыс өтіп

Шырайлы шуақ жаз жетіп,

Шаруаның ұлы кенелген,

Күн мейрамы ежелден

Құтты болсын, бұл Наурыз!

2 топ: « ГҮЛДЕР - АЙ ».

1 оқушы: Әр халықтың өзінше жаңа жылы, жыл басы болады. Ол халықтың орналасқан жеріне байланысты. Біздің елімізде әдеттегідей Жаңа жылды

22-ші наурызда қарсы алған. Наурыз - шығыс елдерінің өзіндік тарихы бар ежелгі мейрамы. Наурыз қазақ тіліне тікелей аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Жаңа жылды қарсы алу - күн мен түннің теңелу күніне сәйкес келеді.

2 оқушы: Наурыз - табиғаттың жаңғаруының, малдың төлдеп, ақтың молаюының белгісі. Қазақ халқы бұл күнді жаңа, таза киімдерін киіп, салт-дәстүр бойынша тазару, жаңару күні деп қарсы алған.

3 оқушы: Наурыз - көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп,ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі,өнерлі азамат тәрбиелейтін ұлттық мейрамымыз.

4 оқушы: Наурыздың мағынасы - наурыз парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн) . Наурыз - Жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаға ие. Ол күнтізбелік жылдың үшінші айы (31 тәулік), көктемнің басы. Қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды.

1 оқушы: Халықтың ежелгі наным-сенімінде наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жарып ерекше дыбыс естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді. Бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады.

2 оқушы: «Ұлыстың ұлы күні» жайында аңыз Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп жариялайды.

3 оқушы: Наурызды тойлау тарихы Ұлы Абай өзінің «Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманына ұштастырады.

4 оқушы: Армысың, қызыр күнім, қызық күнім.

Жайнапты рахман нұрдан жүзін бүгін

Ырыс боп, ынтымақ боп, игілік боп,

Жер көкке жүре берсін құзырлығың.

Нұр Наурыз шырай беріп тірлігіме,

Айналдын бар қызықтың кіндігіне

Сен келсең талым көктеп, тұма тұнып,

Тазарып жүре берер бұл дүние.

5 оқушы: Жаңа жыл қайсарлық пен жүректілік,

Баратын болашаққа білек түріп

Біз жаңа жылда қол созамыз,

Әлемге жаңа жылда тілеп тұрып.

Ұлыстың ұлы күні - құтты болсын!

Наурыз думанға толсын!

Әділ-қазылар алқасының берер бағасы.

Мұғалім: Жатыр шалқып көңілім, шалқып әнім,

Наурыз сыйлап қуаныш, бақыт нәрін.

Ұлыстан соң күтіп тұр ұлы күнің,

Наурыз көжеге бәрін кел, бәрің, бәрің!

Ата-аналар: Ашық болсын қас-қабақ,

Таспен атқанды аспен ат.

Бейтаныс та, таныс та,

Бүгін төрде бас қонақ

Арпа, бидай, тары бар

Ішілетін, жейтіннің

Бұл көжеде бары бар.

Ошақта көп шоқ әлі,

Астың ауыр обалы.

Астан үлкен жоқ әлі

Қазан аузы жоғары,- деп Наурыз көжеден дәм татыңыздар.

ІІІ- кезең . «Сұрақ - жауап».

Мұғалім: Жылдар-жылдар тарихтың мол бекеті,

Сен әкелген жақсылықтар көп тегі.

Көңілді шат сезімге бұрайды,

Халқымыздың бүгінгі мен өткені,-деп енді топтарды сандық ішіндегі асықтарды алып, сұрақтарға жауап беруге шақырамын.

  1. Наурыз белгілері.

Наурыз күнгі тағам: Наурыз көже.

Наурыз күнгі айтылатын ән: Жарапазан.

Наурыз күнде жауған қар: Наурызша.

Наурыз күніндегі дыбыс, жылы ағыс: Әз

Наурыз күнгі тілекті қабыл қылатын қария: Қыдыр ата.

  1. Наурыз көже.

Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде әр шаңырық міндетті түрде

жасайтын арнайы тағам. Оған кем дегенде 7 түрлі азықтық зат қосылуы тиіс.

  1. Наурыз тілек.

Наурыз күнгі амандасу рәсімімен құттықтау негізінде тақпақтап айтылатын тілек.

  1. Наурыз төл.

Наурыз айында туған бота, құлын, бұзау «наурыз төл » деп аталады, яғни, төл басы.

5. Наурыз жұмбақ.

Наурыз айындағы жұлдыздардың қозғалысына, күн мен түннің теңелуіне, табиғат

құбылысына, амалдар мен ауа райының өзгерісіне байланысты айтылатын

жұмбақ өлең.

6. Наурыз шешек.

Наурыз айында гүлдейтін көпжылдық өсімдік. Әсемдік үшін қолдан өсіруге

болады.

7. Наурыз жыры.

Жаңа жыл - Наурызға арнап айтылатын тұрмыс-салт жырының бір түрі.

8. Наурыз күні.

А) Күн мен түн теңеледі. Ренжіскен адамдар достасады. Жақын туыстармен дәм

алысады. 7 түрлі дәмнен наурыз көже дайындайды. Ат шаптырып, балуан

күрестіріп, қыз қуып, қол күрестіріп үлкен той жасайды.

9. Наурыз күніне қатысты тыйымдар.

А) Ешкіммен ренжіспейді. Жаман, былапыт сөздер айтпайды.

Жаман қылықтар көрсетпейді.

Ә) Наурыз мейрамында мал сойылмайды, жалпы қан шығармайды. « Өсер төлге көбейер малға кесірі тиеді, мал басы кемиді» деген тыйым бар.

Б) Наурыз күні шаш, тырнақ алмайды. Өйткені адамның қара тыпнағынан бастап, шашына дейін жаңарып, түлейді.

В) Наурыздың 1 күні , яғни Ұлыстың ұлы күні кір жумайды, іс тікпейді, құрылыс бастамайды, сапарға шықпайды, мылтық атпайды, қақпан құрмайды, тұзақ салмайды. Бұл күн - тіршілік әлемінің тойы.

Әділ-қазылар алқасының берер бағасы.

ІV- кезең . « Өнер көрсету».

Наурыз тойың, Наурыз тойың

Құтты болсын, халайық!

Би биленіп, күй төгілсін,

Шырқап әнге салайық, - деп топтарды өнер сайысына шақырамыз.

Әділ-қазылар алқасының берер бағасы.

V- кезең . «Мерекелік дастарқан ».

Мұғалім: Мерекелік дастарқан.

Шапағатын аямай аспан,

Бүгін қуанар әрбір адам

Наурыз көже, құрт- қатық, тары қосқан

Шақырады мерекелік дастарқан ,- деп әділ- қазылар алқасын мерекелік дастарқаннан ауыз тиюге шақырамыз.

Әділ-қазылар алқасының берер бағасы.

VІ - кезең . «Мақал - мәтелдер ».

Тілім барда қазағым бар, халқым бар,

Дәстүрім бар, ата жолы, салтым бар.

Мақал- мәтел білер біздің балалар,

Оны біліп, ойға түйіп алыңдар

Мұғалім: Ал, балалар, енді «Жалғасын тап» атты ойын ойнайық. Ойынның шарты бойынша мақал-мәтелдің жалғасын табу керек.

Ұланы бар елдің ... ( ұраны бар).

Туған жердің топырағы ... ( жұмсақ, ауасы шипа).

Бір күн дәм татқанға ... ( 40 күн сәлем бер).

Жер қадірін ел біледі... ( ел қадірін ер біледі ).

Құтты қонақ келсе қой егіз табар, ( құтсыз қонақ келсе қойға қошқар табар ).

Қымбат дүние қолға түсе бермейді, (қымбат сөз ауызға түсе бермейді ).

Ана сүтін ақтамағанды ( ешкім мақтамайды).

Әдепті бала- арлы бала ,( әдепсіз бала- сорлы бала ).

Көз - қорқақ ,( қол- батыр).

Білекті бірді жығар, ( білімді мыңды жығар ).

Тойдың болғанынан , ( боладысы қызық).

Қонаққа кел демек бар, ( кет демек жоқ ).

Адалдық жүрген жерде, ( адамдық жүреді ).

Әділ-қазылар алқасының берер бағасы.


VІІ-- кезең . « Наурызға тілек».

Мұғалім: Саған айтқым келеді.

Жарқыра, жайна, Наурызым,

Қабағы жаудың қиылсын,

Береке, байлық, дәм-тұзың

Халқыма мәңгі бұйырсың.

Ата- аналар мен балалары бір шеңберде тұрады. Ата-анасы алдымен баласына, содан кейін баласы ата-анасына арнап мерекелік тілек айтады.

Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Наурыз береке әкелсін!

Ұлыс оң болсын, қайда барса жол болсын!

Наурыз күні Қызыр дарысын, бақ қонсын!

Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін!

Ақ мол болсын!

Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар, айдан - аман, жылдан есен өтейік.

Наурыз амандық, қуаныш пен жақсылық әкелсін!

Ұлыс бақты болсын, 4 түлік ақты болсын!

Ұлы халқым тоқ болсын, көйлектері көк болсын!

Уайым-қайғы жоқ болсын, қуанышымыз көп болсын!

Әрбір күніміз шуақты болсын!

Жанымыз күн нұрындай жарқырасын!

Көңіліміз мейірімділік пен махаббат сезімдеріне толсын!

Наурыз- жаңару мен тазару, махаббат пен сұлулық мерекесі болсын!

Әрқашан жанымыз ізгі, көңіліміз көтеріңкі болсын!

Көктем жылуы мен өмір қуанышын тілеймін!

Мықты денсаулық пен ұзақ өмір, құшақ толған гүл болсын!

Мұғалім: Анамменен мен де келдім ортаңызға,

Өнер мен білімде үлкендерден үлгі алуға.

Салдық біз бар талапты ортаңызға

Берер, деп әділқазы адал баға.

Әділ-қазылар алқасының берер бағасы.

(Топтарды марапаттау)

Мұғалім: Наурыз мерекесі әр отбасына көтеріңкі көңіл күй әкелсін! Өмірлеріңіз қуаныш пен шаттыққа толы болсын!,- деп құттықтау сөз кезегін мектеп директоры Ғ.Н. Алжабаевқа беремін.

Мұғалім: Ой қосылсын ойына,

Бой қосылсын бойыңа!

Аман - есен жетейік

Келесі Наурыз тойына! - деп « Наурыз - думан! » атты мерекелік думанымызды аяқтаймын.

Ән: НАУРЫЗ - ДУМАН.







© 2010-2022