Дінтану факультативтік курсынан сабақ жоспары 9-сынып

Раздел Другое
Класс 9 класс
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Күні: 23.09.2015 ж.

Сынып: 9 «А»

Сабақтың тақырыбы: Жерорта теңізі елдеріндегі: Ежелгі Египеттегі, Грециядағы, Римдегі діндер

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Оқушыларға көне Египет,Греция және Рим мифологиялары, құдайлар пантеоны, діни ғұрыптары туралы терең білім беру және олардың білімін арттыру.

Дамытушылық: Оқушыларды көне египет, грек және рим діндеріне талдау жасап, теологиялық тұрғыдан саралай білуге дағдыландыру.

Тәрбиелік: Оқушыларға патриоттық, толеранттық, эстетикалық тәрбие беру, діни-саяси сауаттылыққа баулу.

Көрнекілік: қима-қағаздар, жетондар, тірек-сызба, кестелер, суреттер, интерактивті тақта, т.б.

Сабақтың типі: аралас сабақ.

Әдісі: сұрақ-жауап, әңгімелеу

Негізгі ұғымдар: Амон-Ра, Бен-бенге, Хапи, Зевс, Посейдон, Аид, Гера, Фериялар, Понтифик, Флоралий, Сатурналий, Авгулер, т.б.

Сабақ барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

  • Оқушыларды түгелдеу;

  • Құрал-жабдықтарын тексеру;

  • Оқушылар зейінін сабаққа аудару.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.

1. Алғашқы қауым адамдарында қандай алғашқы наным-сенімдер болды?

2. Миф деген не? Дін мен мифтің бірлігі және айырмашылығы неде?

3. Тотемизм деген не?

4. Фетишизм дегеніміз не? Мысалмен түсіндір.

5. Анимизм дегеніміз не? Бұл терминді енгізген ғалым?

6. Алғашқы қауым адамдары неліктен өздерін шығу тегін аңдар мен жануарлардың шықтық деп есептеді?

7. Шаманизм қалай пайда болған?

ІІІ. Жаңа сабақ жоспары:

1. Ежелгі Египеттің мифологиясы. Құдайлары.

2. Гректердің діни наным-сенімдері мен мифтері.

3. Көне Рим мифологиясы. Римдіктердің құдайлар пантеоны. Рим діни ғұрыптары.

Көне дәуірде алғашқы мемлекет құрған халық - египеттіктер. Египет Ніл өзенінің жағасындағы ең жоғары өркениетті дамыған мемлекет болды. Египет мемлекетінде билеушілерді, перғауындарды (фараондар) Құдай деп санады. Ал Ра Құдайын Құдайлардың Құдайы деп немесе перғауындар оның ұлы деп санады.

Египет халқының тағы бір ерекшелігі - ажалға қарсы шығуы, өлмей мәңгі жасауға ұмтылуы. Мұндай діни көзқарас тек дінге емес, сонымен қатар мәдени салаларға, саяси экономикаға да үлкен әсерін тигізді. Халықтар мәңгілік өмірді қамтамасыз ету мәселесінде адамның денесін сақтап, тірлікте оған қажет болғанның бәрімен қабірде де қамтамасыз ету керек деп, денені бальзамдап, оны мумияға айналдырып, не болмаса өлген адамның денесіне ұқсас етіп, оның мүсінін жасауын кәсіпке айналдырды. Себебі, өлген адамның денесі сақталса, оның жаны оған қайта оралады деп түсінді. Египет халықтары перғауындардан басқа аруаққа да сенді. Патшалардың, перғауындардың өздері немесе отбасындағы адамдарының бірі өлсе, олардың кұрметіне пирамидалар (мазарлар) салатын болды. Ал ақшалары аз, қатардағы адамдарды матаға орап, көбінесе зираттардың шетіне көмді.

Көне Египет заманында басты Құдай Радан кейін төменгі Құдайлар да болды. Ол Құдайлардың өздеріне арналған жеке қызметтері болды. Мысалы: өлім Құдайы - Осирис. Ол жер астының Құдайы. Құнарлы жер мен аналықтың Құдайы, Осиристің қарындасы әрі әйелі - Исида. Шындық пен тәртіптің Құдайы - Маат және т.б. Осындай көпқұдайлықтың басын қоспақ болған Перғауын Аменхотеп (б.з.б. 1419-1400 жж.) діни реформа жүргізді. Ол көпқұдайлық түсінікті жойып, бір ғана Атон Құдайға сену керек деп білді. Осы арқылы мемлекеттік монотеистік дін құруға әрекет жасады. Онан кейінгі Аменхотеп IV те бірқұдайлық реформаны жалғастырды. Бірақ ол реформадан ештеңе шықпады, оған қарсы көптеген абыздар шығып, бұрынғы ескі Құдайлардың түрлерімен біріктірілді.

Б.з.б. 332 жылы македондықтар Египетті өздеріне бағындырған кезеңде Египет абыздары Македонскийді жақсы қарсы алып, оны «Құдайдың ұлы» деп жариялады. Сонымен қатар Египеттік және гректік Құдайларының бейнесі қалыптасты да, оған Египет халықтары табына бастады.

Діни мифологиялық көзқарас бойынша: алғашқы кезде Хаос (түпсіз тұңғиық) өмір сүрді, одан жер құдайы Гея және жерасты құдайы Тартар шықты. Гея аспан құдайы, әрі баласы, әрі әйелі Уранды туды.

Гея мен Ураннан балалары - екінші дәрежедегі құдайлар - титандар туды. Уран қауіптеніп, орнымды тартып алады деп, өз балаларынан қорқып, оларды жер астына Тартар құдайына беріп, қамап қояды. Бірақ титандар жер астынан құтылып шығып, әкесінің тағын тартып алады. Олардың ішінен уақыт құдайы Кронос өз балаларын жеңіп, барлық әлемге тыныштық орнатады.

Осыдан кейін үшінші дәрежелі құдайлар басталады. Кроностың ең кіші баласы, найзағай және жауын құдайы Зевс өзінің әкесін жеңіп, бас құдайға айналады. Оның әйелі Гера - аспан құдайы және неке қамқоршысы. Зевс өзінің ағайындары Посейдонға теңіздегі билікті, Аидқа жер асты патшалығын береді. Сұлулық пен сүйіспеншілік құдайы Афродита мифтер бойынша теңіз толқынынан жаратылған. Үшінші дәрежелі құдайлар Олимп тауында орналасады.

Ежелгі Рим діндерінде Грек дініндей айқын миф жоқ. Олардың діні қарапайым, сөзге сараң болды. Керек болса ертедегі Рим діндерінде құдайлардың суреттері мен образдары болмады.

Рим құдайлары ұзақ уақыт антропоморфтық түрде, Юпитер болса, шақпақ тас түрінде, Map құдайы найза түрінде, Веста құдайы от-жалын түрінде бейнеленді. Римдіктер жай ғана Юпитерге сенсе жеткілікті деп түсінді. Пуникалық соғыстан кейін Рим мен Греция елдері тығыз байланыс жүргізді. Рим Эллада мәдениетін қабылдап, оның дінін өздеріне таратты. Гректердің құдайлық түсінігінен Римдік құдайлар шықты.

Көне Рим мәдениетіне көне Греция мен этрускілер дінінің орасан ықпалы болды. Римдіктер өз құдайлары мен ғұрыптарын этрускілерден қабылдады. Этрускілерде бірінші орында аспан құдайы Тин тұрды, одан кейінгі орындарда патшалық әмір құдайы Уни (римдіктерде - Юнона), қолөнер кәсіпшілігі құдайы Менерва (римдіктерде-Минерва) болды.

Құдайлардың ерекше қадірлі үштігі


Этрускілерде

Римдіктерде

Жер асты отының құдайы - Вехнас

Вулкан

Теңіз құдайы - Нефнус

Нептун

Соғыс құдайы - Марис

Марс


Римдіктердің құдайлар пантеоны:


Құдайлардың аты

Құдайлардың қызметі

Юпитер

Римдіктердің басты және ең мәртебелі құдайы. Ол - шарап жасау, антқа беріктік пен шекара беріктігі, жеңімпаз соғыс құдайы, республиканың және Рим императорларының жебеушісі.

Юнона

Әйелдердің, некенің, аналардың және жоғары биліктің қорғаушысы.

Минерва

Қолөнер кәсіпшілігі құдайы. Көне Римдіктер ғұрпында Юпитер, Юнона, Минерваның құрметіне Капитолийде тұрғызылған храм басты храм болып саналады.

Марс

Жабайы табиғат, құнарлылық пен соғыс құдайы, ырыс иесі, аңшылықта табыс әкелетін, соғыста жеңіске бастайтын Рим қауымының бас сақшысы.

Квирин

Халық жиналыстарының жебеуші құдайы. Осыдан римдіктер өздерін «римдік квирит халқы» деп атайды.

Янус

Кіріп, шығатын есіктердің әміршісі, әрбір нәрсенің бастауының әміршісі. Өткенді және болашқты бірдей біледі.

Көне Римде мемлекет пен дін біртұтас идеология түрінде көрінді. Мемлекеттің астанасы «қасиетті қала» деп жарияланды. Заң бәрінен жоғары қойылды. Барлық діни және азаматтық ахуал (неке, жерлеу, бала асырау т.б.) заң жолымен понтификтерде тіркелді. Бас понтифик - бас абыз міндетін атқарды.

Бұлар діни және мемлекет билігінің тұтастығын білдіретін міндетті құдіретті ғұрыптарды - қателік жасаған жағыдайларда құдайлардан кешірім өтініп, садақа үлестіруді, соғыс немесе індет жағдайында берген уәдесіне қарай тарту жасауды, мемлекет тарапынан храмдарға сыйлық үлестіру түріндегі құдайларға таралғы жасауды ұйымдастырып өткізуге жауапты болды.

Құдай дағуасында бекітілген императорларға құрмет көрсету ғұрыпатарын орындайтын жаңа абыздар коллегиясы құрылды. Абыз - фециалдар деген орнықты. Олар соғыс жариялау, одақтық шарт жасау ғұрыптарын атқарды, соғыс ашпас бұрын ультиматум жариялады, 33 күн өткен соң, ультиматум қабылданбаған жағдайда, соғыс қимылдарын бастауға рұқсат берген.

Римнің діни күнтізбесінде мейрамдар - фериялар болды:

Фериялар атауы

Атқарылатын іс-шаралар

Паренталий

Ақпанда ата-баба аруақтарына арналып өткізілетін мейрам.

Сатурналий

Желтоқсанда Сатурн құрметіне өткізіледі.

Марс

Наурыз айында Марс күні мерекеленеді.

Юпитер

Әр айдың ортасында Юпитер құрметіне құрбандық шалу.

Плебей

Қарашада Плебей ойындарын өткізу.

Юнона мен Минерва

Қыркүйектегі мерекелер, Рим ойындары-спорт жарыстары мен театрланғандырылған көріністер.

Флоралий

Сәуір айы мен мамыр аралығында гүл құдайы Флораның құрметіне ұйымдастырылатын мереке.

Жаңа дәуірдің II-III ғ.ғ. Рим императорлары синкреттік культті енгізе бастады. Рим діні жалған сипат алуға көшті. Көне римдіктер IV ғ. аяғында христиан-император Ұлы Феодосийдің вердиктімен ескі құдайларға табынудан бас тартты.

Негізгі ұғымдармен жұмыс:

Амон-Ра - күн қаұдайы

Бен-бенге - тас құдайы

Хапи - Ніл өзені құдайы

Зевс, Посейдон, Аид, Гера, Деметра, Дионис, Афина, Афродита - гректердің құдайлары

Фериялар - римнің діни күнтізбесіндегі мейрамдар

Понтифик - шариғат түрінде бекітіліген діни кітаптар

Бас понтифик - барлық құдіретті және адамшылық істерінің қазысы мен төрешісі.

Паренталий - ақпанда ата-баба аруақтарына арналып өткізілетін мейрам.

Флоралий - сәуір мен мамыр айы аралығында гүл құдайы Флораның құрметіне ұйымдастырылатын мереке.

Сатурналий - желтоқсанда Сатурн құрметіне өткізілетін мереке.

Авгулер - жұрт алдында сәуегейлік жасаушы коллегиясы.

Гаруспиктер - малдардың ішкі құрылысына қарап сәуегейлік жасаушылар.

IV. Сабақты қорытындылау.

1. Ежелгі еипеттіктердің алғашқы діни сенімдері қандай?

2. Ең басты, ең көркем құдайы кім? Оны неліктен ерекше құрметтеді?

3. Ежелгі гректердің құдайлары қалай бейнеленді?

4. Ең басты құдайлары қандай? Олардың рөлі қандай болды?

5. Көне Рим құдайлар пантеонының ерекшеліктері қандай?

6. Көне Римде діни мейрамдар не себепті жалпыға бірдей болды?

7. Қандай мейрамдарды білесіңдер?

ІV. Үйге тапсырма: Қосымша мәліметтер іздестіру.


© 2010-2022